Спортшы танымалдылығы артқан сайын хейттің де көбейгенін атап өтті
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлеуметтік желідегі қысым мен сын-пікірлер туралы ашық пікір білдірді. Спортшы танымалдылығы артқан сайын түрлі көзқарас, пікір мен хейттің де көбейгенін атап өтті.
«Соңғы уақытта менің танымалдығым өсті, сонымен бірге пікірлер, комментарийлер және, әрине, хейт те артты. Мені қолдап жүрген жандарға алғыс айтқым келеді - жылы сөздеріңіз бен түсіністіктеріңіз үшін. Сіздер бұл әлемді жақсырақ етесіздер.
Алайда бәрінің екінші жағы бар - негатив. Адамдар көбіне өз ішіндегі дүниені жазады деп ойлаймын. Шынымды айтсам, кейде бұл көңілге ауыр тиеді. Мұндай жағдайлар маған бұрыннан таныс. Бала кезімнен бері мені де, анамды да түрлі сөзбен сынап келді. Уақыт өте оған бейімделіп, сабырмен қабылдауды үйрендік, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес.
Бірақ бір нәрсені айтқым келеді: сіздер тек сыртқы көріністі, өмірдің кішкене бөлігін ғана көресіздер. Соның негізінде тым қатал қорытынды жасайсыздар. Қарапайым болыңыздар. Мейірімді болыңыздар. Әркім өз жолымен жүрсін. Мен өткерген жеңілістерді бастан кешіп көріңіздер. Еңбек етіңіздер, қателесіңіздер, қайта тұрыңыздар, сонда мен ешқашан ешкімді менсінбей, сынамайтынымды түсінесіздер. Себебі оның қаншалықты қиын екенін білемін.
Көбіне мұндайға мән бермеуге тырысамын. Дегенмен кейде жүрекке тиеді. Менің жасым небәрі 22-де, мен де сіздер сияқты өмірді алғаш рет сүріп жатырмын. Соған қарамастан, өз жолыммен алға қарай жүре беремін. Осындай ойлар... Баршаңызға махаббат, тыныш түн тілеймін», — деп жазды ол.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева - блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы. Пафос қаласында өткен Үміткерлер турнирінде екінші орын алды.