Беделді додада Бибісараны өте мықты қарсыластар күтіп тұр
Қазақстандық шахматшы, блицтен әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Norway Chess Women 2026 турниріне қатысатын алты ойыншының қатарына ресми түрде енді. Бұл туралы Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мәлімдеді.
Әлемдік шахмат элитасы жиналатын беделді додада Бибісараны өте мықты қарсыластар күтіп тұр. Олардың қатарында қазіргі әлем чемпионы қытайлық Цзюй Вэньцзюнь, әлемдік рейтингтің екінші нөмірі Чжу Цзиньэр, үндістандық аңыз шахматшы Хампи Конеру, Norway Chess Women турнирінің қазіргі жеңімпазы Анна Музычук және әлем кубогының иегері Дивья Дешмукх бар.
Турнир екі айналымдық форматта өтеді. Яғни әр шахматшы қарсыластарымен екі мәрте кездеседі. Егер классикалық партия тең аяқталса, жеңімпаз «Армагеддон» форматындағы қосымша ойында анықталады.
Norway Chess Women 2026 жарысы 25 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді. Биыл турнир тарихында алғаш рет Ставангерде емес, Норвегия астанасы Ослода ұйымдастырылмақ. Ерлер және әйелдер арасындағы турнирлердің жалпы жүлде қоры 3,38 миллион норвег кронасын құрайды. Ал әйелдер турнирінің жеңімпазы 700 мың крона сыйақы алады.
Әйелдер турнирімен қатар ашық санаттағы дода да өтеді. Онда әлемнің бірінші нөмірлі шахматшысы Магнус Карлсен, қазіргі әлем чемпионы Гукеш Доммараджу және өзге де жұлдыздар бақ сынайды.