Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Жамилә Бақбергенова олимпиадалық салмаққа ауысты

Бүгін, 17:55

Ол енді 68 келіде тұрақты күресуді жоспарлап отыр

Жамилә Бақбергенова олимпиадалық салмаққа ауысты
ҰОК

Жамилә Бақбергенова әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының көшбасшысы ретіндегі деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Тәжірибелі балуан жуырда өткен Қазақстан чемпионатында топ жарып, жаңа олимпиадалық салмақта сәтті өнер көрсетті.

Қазіргі таңда Жамилә 68 келіге толық бейімделіп, алдағы халықаралық жарыстарға тыңғылықты дайындалып жатыр. Оның айтуынша, жаңа салмақ дәрежесіне байланысты жаттығу жүйесіне де өзгерістер енгізілген.

Балуан Olympic.kz сайтына берген сұхбатында ішкі бәсекенің деңгейіне де тоқталды.

«Қазақстан чемпионатында әр спортшы барын салуға тырысады. Жалпы, еліміздегі ішкі бәсекенің деңгейі жаман емес», – деді Бақбергенова.

Айтуынша, ол енді 68 келіде тұрақты күресуді жоспарлап отыр. Бұл шешімге олимпиадалық цикл де әсер еткен.

«Бапкерім Нұрсұлтан Теміров менің бойыма, дене бітіміме осы салмақтың ыңғайлы екенін айтты. Бұған дейін бұл салмақта егізім Мадина Бақбергенова күресіп, Азия чемпионы атанған еді. Сондықтан қайта оралмағанмын. Қазір Олимпиадаға аз уақыт қалғандықтан, алдыңғы циклдегі қателіктерді қайталамауға тырысамын», — деді ол.

Сондай-ақ Жамилә маусымның өте қарқынды өтіп жатқанын айтты. Азия чемпионатынан кейін де команда дайындықты тоқтатпаған.

Балуан құрлық додасындағы сәтсіздікке де пікір білдіріп, негізгі себеп ретінде белдесу кезіндегі қателіктерді атады.

«Азия чемпионатында өз бабымда болдым деп ойлаймын. Бірақ белдесу барысында бір-екі қателік жіберіп қойдым. Сол кемшіліктермен қазір жұмыс істеп жатырмыз», — деді тәжірибелі спортшы.

Жамилә Бақбергенова үшін басты мотивация – әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының алтын медалі. Сонымен қатар ол рухани қолдауды егізі Мадинадан алатынын жасырмады.

Қазір құрама көшбасшысы Моңғолия мен Венгрияда өтетін рейтингтік турнирлерге дайындалып жатыр. Ал биылғы маусымдағы басты мақсаты – Азия ойындары мен әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсету.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам