Ел құрамасы әлем чемпионы Жапониямен сынға түсіп, 45:40 есебімен жеңіске жетті
Семсерлесуден Үндістан астанасы Делиде өтіп жатқан сары құрлық додасының кезекті күнінде сапы сайысынан ерлер арасындағы командалық жарыстың жүлдесі сарапқа салынды.
Ақтық сында Ерлік Сертай, Никита Жулинский, Вадим Шарлаимов, Кирилл Проходовтан құралған командамыз өзінің бітіспес қарсыласы саналатын, Олимпиада чемпионы, 2025 жылғы әлем чемпионы Жапониямен сынға түсіп, 45:40 есебімен жеңіске жетті.
Жарыс барысында Қазақстан құрамасы 1/8 финалда Ираннан (45:27), ширек финалда Өзбекстаннан (45:37), жартылай финалда Оңтүстік Кореядан (45:33) басым түскен еді.
Айта кетейік, Қазақстан мен Жапония құрамасы 4 жыл қатарынан Азия чемпионатының финалында өзара мықтыны анықтады.
Дәл қазіргі сәтте Жапония құрамасы әлемдік рейтингте 2-орында келе жатыр. Ал Қазақстанның ерлер құрамасы 6-орында тұр.
Бұған дейін Азия чемпионатында сапы сайысынан Ирина Бакалдина алтын жүлде, Руслан Курбанов қола жүлде және қылыш сайысында ерлер құрамасы қола жүлде алған еді.