Бибісара Асаубаеваның азаматтығы туралы қауесетке ресми жауап берілді
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев шахматшы Бибісара Асаубаеваның спорттық азаматтығын ауыстыруы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Бұл мәселе Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстарға дайындықты қаржыландыруға қатысты қиындықтар бар екенін айтқаннан кейін қоғамда қызу талқылана бастаған еді.
Алайда вице-министр спортшының азаматтық ауыстыруы туралы әңгімеге негіз жоқ екенін мәлімдеді.
«Бұл мәселені кім көтергенін және не үшін талқылап жатқанын білмеймін. Бибісара – өз елінің патриоты», – деді Серік Жарасбаев zakon.kz басылымына берген пікірінде.
Оның айтуынша, қаржыландыруға қатысты туындаған мәселелер бүгінде толық шешімін тапқан. Сонымен қатар, вице-министр Бибісара Асаубаеваның Қазақстан тарихында әлем чемпионатында қатарынан үш мәрте алтын медаль жеңіп алған тұңғыш шахматшы екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ жақын күндері Бибісара Асаубаева Астанаға келіп, Қазақстан Президентінің қолынан мемлекеттік награда алатыны белгілі болды.