Қайғылы оқиға Махачкаладағы банкет залдарының бірінде болған
Ресейлік самбошы Вацилов Давудов Махачкала қаласындағы тойлардың бірінде болған жанжал кезінде оқ тиіп, көз жұмды. 31 жастағы спортшыны дәрігерлер аман алып қала алмады. Аталған оқиғаға байланысты Ресейдің Тергеу комитеті кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қайғылы оқиға Махачкаладағы банкет залдарының бірінде болған. Telegram желісіндегі «112» арнасының мәліметінше, той кезінде қонақтар арасында жанжал туындап, сөзге келу төбелеске ұласқан. Артынша қатысушылардың бірі атыс қаруын қолданып, Вацилов Давудовты атып кеткен.
Спортшы ауыр жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Әзірге жанжалдың неден шыққаны және атысқа не себеп болғаны белгісіз. Сондай-ақ Давудовтың жанжалға тікелей қатысқаны немесе оқиға орнында кездейсоқ болғаны туралы ақпарат жоқ.
Дағыстан Республикасы бойынша Ресей Тергеу комитетінің тергеу басқармасы спортшының қаза тапқанын растады. Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігі («Кісі өлтіру») бойынша іс қозғалды. Тергеудің алдын ала мәліметінше, жанжал кезінде жергілікті тұрғындардың бірі спортшыға оқ атқан. Күдікті ұсталды.
Вацилов Давудов ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, Ресей мен халықаралық деңгейдегі бірқатар жарысқа қатысқан. Оның басты жетістіктерінің бірі – 2023 жылғы самбодан Ресей чемпионатындағы қола жүлде. Сонымен қатар ол Ресей кубогының жүлдегерлері қатарынан көрініп, дзюдодан Еуропа кубогында жеңіске жеткен.
Ресейлік спортшының қазасы Бүкілресейлік самбо федерациясының басшылығы үшін күтпеген жағдай болған. Ұйым президенті әрі Еуропалық самбо федерациясының жетекшісі Сергей Елисеев «Матч ТВ» арнасына берген сұхбатында Давудовтың адамгершілік қасиеттерін атап өтті.
«Ол ауыр салмақта Ресей чемпионатының жүлдегері атанған. Әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен аса танымал спортшылардың қатарында болмаса да, ел чемпионатында жүлде алған. Өзі өте қарапайым, мәдениетті жігіт еді. Ол туралы жаман ештеңе айта алмаймыз. Әрине, өте өкінішті. Осындай жаста, түсініксіз жағдайда қаза табу... Шынымды айтсам, бұл жағдайға таңғалып отырмыз», – деді Елисеев.
Вацилов Давудов небәрі 31 жаста еді. Қазір тергеу органдары Махачкаладағы тойда болған оқиғаның мән-жайын анықтап, спортшының өліміне кінәлі адамдардың жауапкершілігін қарастырып жатыр.