Спорт журналисі әрі комментатор Ғалым Қамашұлы Сүлейменов 51 жасында өмірден өтті
Қазақ журналистикасының көрнекті өкілі, спорт журналисі әрі комментатор Ғалым Қамашұлы Сүлейменов 51 жасында өмірден өтті.
Ғалым Сүлейменов 1975 жылғы 28 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.
Ол еңбек жолын 1994 жылы «Өркен-Горизонт» газетінен бастады. 1996–2004 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде спорт шолушысы болып қызмет атқарып, отандық және халықаралық жарыстар туралы тұрақты түрде қалам тербеді.
2004 жылы «Спорт» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Кейін «Айқын» республикалық газетінде спорт шолушысы болып еңбек етіп, «Берен» спорт журналының жарыққа шығуына атсалысты.
2010 жылдан бастап Қазақстан ауыр атлетика федерациясының баспасөз хатшысы қызметін атқарды. Соңғы жылдары «Egemen Qazaqstan» газетінде жұмыс істеп, YouTube желісіндегі «Beren live» арнасын жүргізді.
Ғалым Сүлейменов спорт журналистикасымен қатар, телевизия саласында да танылды. Ол көптеген спорттық жарысқа комментатор болып, көрерменге маңызды бәсекелердің барысын қазақ тілінде жеткізді.
Қаламгер Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының стипендиаты атанып, спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықты екі рет иеленген.