Қазақстандық Александр Пивоваров Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында киберспорттан жарыс жолына шықты.
Ол Puyo Puyo Champions логикалық ойыны бойынша жарысқа қатысып, «А» тобында төрт кездесу өткізді. Алайда қазақстандық киберспортшы төрт матчтың бәрінде 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
Пивоваров Оңтүстік Корея, Жапония, Филиппин және Гонконг өкілдеріне жол берді. Нәтижесінде ол өз тобында соңғы орынға тұрақтады. Дегенмен жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Қазақстандық спортшы 26 қыркүйекте ширек финал жолдамасы үшін Сингапур өкілімен кездеседі.
«А» тобында ең үздік нәтиже көрсеткен Жапонияның 11 жастағы өкілі Юки Курихара болды. Ол төрт кездесудің бәрінде жеңіске жетті. Курихара – Жапония құрамасы тарихындағы Азия ойындарына қатысқан ең жас спортшы.
«В» тобында да барлық матчта жеңіске жеткен спортшы бар. Қытай Тайбэйінің өкілі Куо Цуан топтағы төрт кездесуінің бәрінде қарсыласынан басым түсті.
Айта кетейік, Puyo Puyo Champions турниріне барлығы 10 киберспортшы қатысып жатыр.
Қазақстан құрамасының тағы бір киберспорттағы бәсекесі — Fighting Games турнирі аяқталды. Роман Дозорцев, Аян Валеев және Асқар Шұқанов «D» тобындағы екі кездесудің екеуінде де жеңіліп, жарысты жалғастыра алмады. Бұл санатқа Street Fighter, TEKKEN 8 және THE KING OF FIGHTERS XV ойындары кіреді.