Қазақстан құрамасы 14 ұпаймен екінші орында тұр
Самарқандта өтіп жатқан 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының сегізінші турында Қазақстан әйелдер құрамасы 2024 жылғы Олимпиада чемпионы Үндістанмен тең түсті. Кездесу 2:2 есебімен аяқталды.
Қазақстан құрамасы үшін Алуа Нұрман маңызды жеңіске қол жеткізді. Екінші тақтада ойнаған қазақстандық шахматшы биылғы әлем чемпиондығына қатысатын Рамешбабу Вайшалиді жеңіп, командасын алға шығарды.
Бибісара Асаубаева – Конеру Хампи партиясында, Меруерт Камалиденова – Дивья Дешмух кездесуінде тараптар тең түсті.
Шешуші төртінші тақтада Елназ Қалиахмет Үндістан өкілі Савита Шри Баскармен ойнады. Үндістандық шахматшы жеңіске жетіп, есепті теңестірді.
Осы нәтижеден кейін Қазақстан құрамасы 14 ұпаймен екінші орында тұр. Қытай құрамасы Грузияны 2,5:1,5 есебімен жеңіп, 15 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Моңғолия мен Арменияның да 14 ұпайы бар.
Қазақстан ерлер құрамасы жеңіске жетті
Ерлер арасындағы жарыста турдың басты тосын нәтижесі Өзбекстан мен Германия арасындағы кездесуде тіркелді. Жеті тур бойы жеңіске жетіп келген жарыс қожайындары Германияға 1,5:2,5 есебімен жол берді.
Қазақстан құрамасы болса, алдыңғы турдағы жеңілістен кейін Босния және Герцеговинамен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Денис Махнёв пен Сауат Нұрғалиев өз партияларында жеңіске жетті. Даниал Сапенов пен Деян Мариянович, сондай-ақ Алдияр Аңсат пен Далибор Стоянович кездесулерін тең аяқтады.
Open санатында Өзбекстан мен Германия 14 ұпайдан жинап, көш бастап келеді. Тағы сегіз командада 13 ұпай бар. Қазақстан құрамасы 11 ұпаймен 33-орында тұр.
Ертең шахмат олимпиадасының тоғызыншы туры өтеді. 11 турдан тұратын жарыс 27 қыркүйекте мәресіне жетеді.