Қазақ қызының кроссовкиін бірнеше сағат бойы тексерген комиссия ақыры ереженің бұзылғанын растады
Қазақстандық жеңілатлет Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүруден Азия ойындарының алтынын жеңіп алған болатын. Алайда, жарыс біткеннен кейін ұйымдастырушылар оның аяқ киімінен мін тауып, чемпиондығынан айыруды талап еткен. Қазақ қызының кроссовкиін бірнеше сағат бойы тексерген комиссия ақыры ереженің бұзылғанын растады.
Бұл туралы Тоқсанбаеваның өзі әлеуметтік желіде жазды. Оның сөзінше, Қазақстан өкілдері чемпиондықты сақтап қалу үшін барын салған. Алайда, қолдан келмеген.

Еске салайық, 27 қыркүйекте 42,195 шақырымға жүруде Ясмина Тоқсанбаева мәре сызығын бірінші болып кескен еді. Ол аталған қашықтықты 3:22:20 уақытымен аяқтап, Азия рекордын жаңартты. Екінші болып Қытай атлеті Даньцзэн Цюйцзун келсе (3:26:09), үздік үштікті оның отандасы Ма Ли (3:32:26) қорытындылады.
Шағымданушылар Ясминаның аяқ киімі жарысқа қатысу талабына сәйкес келмейтінін айтқан еді. Әзірге талапты бұзу бойынша нақты ақпарат шыққан жоқ.