«Бұл жолы аяқ киімді тексермеді»: Ясмина Тоқсанбаева қандай қателік жібергенін айтты

Тоқсанбаева спорттық жүрістен 42,195 шақырымдық жарыста бірінші болып мәреге жеткен

ҰОК
ҰОК

Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында өз нәтижесінің жойылуына қатысты пікір білдірді.

Тоқсанбаева спорттық жүрістен 42,195 шақырымдық жарыста бірінші болып мәреге жеткен. Алайда жарыстан кейін оның нәтижесі аяқ киімінің белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты жойылған.

Спортшының айтуынша, жарыс басталар алдында оның аяқ киімі тиісті талаптарға сәйкестігі бойынша тексерілмеген.

«Барлығын көріп, бәрін оқып отырмын. Қолдауларыңызға рақмет. Өкінішке қарай, осындай жағдай болды. Жауапкершілікті біреуге ысыра салуға болмайтынын түсінемін. Бірақ неге екені белгісіз, дәл осы жарыста бізді стартқа дейін тексермеді.

Әдетте мұндай жоғары деңгейдегі жарыстардың бәрінде, тіпті Қазақстан чемпионатында да спортшылардың аяқ киімі тексеріледі. Оның табанының биіктігі өлшенеді. Бұл жолы бізді өлшеген жоқ. Меніңше, бізге тым қаталдық танытылды», — деді Ясмина Тоқсанбаева.

Ол 42 шақырымдық қашықтықты жүріп өтудің өзі үлкен еңбек екенін атап өтті.

«Егер жарыс алдында аяқ киімімді тексеріп, талапқа сай емес екенін айтқанда, мен жаяу жүріп кетер едім. Мен бұл медальді Қазақстанға сыйлағым келді. Тарих жасағым келді. Бірақ, меніңше, маған тым қатаң шара қолданылды

Сонымен бірге өз жауапкершілігімді де жоққа шығармаймын. Бұл жерде менің де қателігім бар. Кейін аяқ киімге қатысты рұқсат етілген үлгілер тізімі осы көктемде жаңартылғанын білдім. Мен бұл аяқ киімді дәл көктемде сатып алдым. Ол кезде рұқсат етілген еді. Арада бір ай өткенде тізім жаңартылған.

Сөз жоқ. Қолдауларыңыз бен түсіністіктеріңізге үміт артамын. 42 шақырым — Азия рекорды, әлемдегі үшінші нәтиже», — деді спортшы.

Бұған дейін Азия ойындарының ресми сайтында Тоқсанбаеваның жарыстан шеттетілгені туралы ақпарат пайда болған еді. Осылайша оның жеңіс нәтижесі есепке алынбады. Алайда қабылданған шешімнің толық мән-жайы әзірге жарияланған жоқ.

Сондай-ақ Тоқсанбаеваның нәтижесі түпкілікті шешім шыққанға дейін Азия ойындарының ресми медальдар есебіне енгізілмеген.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде тоғыз алтын медаль бар. Ел құрамасы жалпы есепте бесінші орында тұр.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам