Қазақстан дзюдошыларының алғашқы қарсыластары анықталды
Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтетін ХХ жазғы Азия ойындарында дзюдодан Қазақстан құрамасының алғашқы қарсыластары анықталды. Жарыс 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.
Қазақстан құрамасы Азия ойындарына негізгі құрамын апарды. Ел намысын ерлер арасында жеті, әйелдер арасында жеті дзюдошы қорғайды.
Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Олимпиада чемпионы Елдос Сметов алғашқы белдесуін Оңтүстік Корея өкілі Ли Ха Римге қарсы өткізеді. Корей дзюдошысы әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері әрі Masters турнирінің жеңімпазы.
66 келіде Гусман Қырғызбаев Шри-Ланка өкілі Дахан Донмен белдеседі. 73 келіде Бахытжан Абдурахмановтың алғашқы қарсыласы — Жапония спортшысы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Татсуки Ишихара.
81 келіде Әділет Алмат Қырғызстан өкілі Тегин Алмазжан уулумен кездессе, 90 келіде Айдар Арапов Біріккен Араб Әмірліктерінің дзюдошысы Гаджимұрат Омаровқа қарсы татамиге шығады.
100 келіге дейінгі салмақта Марат Байкамуровтың алғашқы қарсыласы Өзбекстан өкілі Ерназар Сәрсенбаев пен Таиланд спортшысы Китипонг Хантратиннің арасындағы белдесуде анықталады.
Ал аса ауыр салмақта (+100 келі) Ерасыл Қажыбаев Индонезия өкілі Дарма Варданамен кездеседі.
Әйелдер арасындағы жеребе нәтижесі:
48 келіде Әбиба Әбужақынова Үндістан өкілі Астима Дей мен Вьетнам спортшысы Чи Ха Нгок арасындағы белдесудің жеңімпазымен кездеседі.
52 келіде Меруерт Сәрсенова Лаос өкілі Таоки Сенгдакиге қарсы шығады.
57 келіде Дана Әбдірова Қытай Тайбэйінің өкілі Тзу Юн Лиумен белдеседі.
63 келіде Эсмигүл Куюлова Оңтүстік Корея дзюдошысы Жи Су Киммен кездеседі.
70 келіде Ажар Асхаттың алғашқы қарсыласы — Таиланд өкілі Супатра Нанонг.
78 келіде Екатерина Токарева Филиппин спортшысы Киоми Ватанбеға қарсы татамиге шығады.
Ал аса ауыр салмақта (+78 келі) Аида Тойшыбекова Моңғолия өкілі Адиясурен Амарсайханмен белдеседі.