Ольга Рыпакова алтынды қайтару үшін барлық мүмкіндікті пайдаланғанын атап өтті
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы атқару комитетінің төрайымы Ольга Рыпакова Азиада-2026 ойындарында Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесі жойылып, алтын медальдан айырылуына қатысты пікір білдірді.
Рыпакованың айтуынша, спорттағы жоғары жетістіктер спортшыға ғана емес, команда өкілдері мен федерация қызметкерлеріне де үлкен жауапкершілік жүктейді. Оның сөзінше, Тоқсанбаеваның нәтижесі дисквалификацияланған сәтте спортшының жаттықтырушысы мен команда өкілінің әрекеті дер кезінде жасалып, қолданыстағы талаптарға толық сәйкес болған.
«Жаттықтырушының, команда өкілінің және Қазақстан жеңіл атлетика құрамасының бас бапкерінің реакциясы дер кезінде болды. Олар қолданыстағы нормативтік талаптарға толық сәйкес әрекет етті», – деп жазды Рыпакова.
Оның айтуынша, оқиға туралы ақпарат бірден Туризм және спорт министрлігіне, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы мен Ұлттық олимпиада комитетінің басшылығына жеткізілген. Спортшының нәтижесін қайтару үшін апелляциялар мен наразылықтар беріліп, аяқ киім өндіруші компаниямен байланыс орнатылған. Сонымен қатар Азия жеңіл атлетика қауымдастығы мен World Athletics басшылығымен келіссөздер жүргізілген.
Қазір Ұлттық олимпиада комитеті спорттық құқық саласындағы мамандармен бірге жағдайдың әрі қарайғы құқықтық тетіктерін қарастырып жатыр.
«Мен жоғары деңгейдегі жарыстарда алтын медальдың қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Менің спортшы ретіндегі тәжірибеме енді жүлдені жеңіп алу ғана емес, оны қайтару жолындағы тәжірибе де қосылды. Мен алтынға құмармын, ол – БІЗДІКІ!» – деді Рыпакова.
Ол сонымен бірге болған жағдайға байланысты кінәлілерді іздеп, біреуді жазғыруға асықпауға шақырды.
«Кінәлілерді іздеу – әлсіздердің ісі. Күш – өткенге байланып қалуда емес, жауапкершілікті мойындап, туындаған жағдайдың шешімін дәл қазір іздеуде», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Ясмина Тоқсанбаева Азиададағы марафондық спорттық жүрісте 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, бірінші болып келген. Алайда жарыстан кейін оның аяқ киімі World Athletics бекіткен модельдер тізімінде жоқ екені анықталып, нәтижесі жойылған.