Балуан жарыс қожайыны Араш Ёсидаға 1:11 есебімен есе жіберді
Қазақстандық еркін күрес шебері, 2023 жылғы әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан Жапонияда өткен Азия ойындарындағы сәтсіз өнерінен кейін жанкүйерлеріне үндеу жасады.
97 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен балуан ширек финалда жарыс қожайыны Араш Ёсидаға 1:11 есебімен есе жіберіп, Азиаданы жүлдесіз аяқтады. Кейін жапон балуаны жартылай финалда жеңіліп, Айтмұханға жұбаныш белдесуіне шығу мүмкіндігі берілмеді.
Балуан әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлерін сабырға шақырып, бұл жеңіліс оның осыған дейінгі еңбегін жоққа шығармайтынын айтты.
«Бір жеңіліс — жылдар бойғы еңбекті жоққа шығармайды. Бүгін менің күнім болмады. Бірақ бұл бізді тоқтатпайды. Өмір осымен біткен жоқ. Осы жарыстан сабақ алып, қорытынды шығарамыз. Әлем чемпионатына аз уақыт қалды! Басымызды түсіріп, мұңайып отыруға уақыт жоқ. Алда әлі талай белес бар. Баршаңызға рақмет!» — деп жазды Ризабек Айтмұхан.
Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан — Қазақстанның еркін күрес тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы. Ол 2023 жылы әлем чемпионатында 92 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алған.