Шерзод финалда Әзербайжан өкілі Ахмад Юсифовпен белдесті
Дзюдодан Қазақстан құрамасының өкілі Шерзод Давлатов Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында отандасымыз Әзербайжан өкілі Ахмад Юсифовпен белдесті. Шешуші кездесуде қарсыласына есе жіберген Давлатов әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Шерзод Давлатов әлем чемпионатында алты белдесу өткізді. Ол жарысты Тәжікстан өкілі Лоик Кудбудиновты жеңумен бастады. Одан кейін Бурунди спортшысы Рауль Бриллан Нганджиден басым түсті.
Келесі айналымда қазақстандық дзюдошы бразилиялық Мишел Аугустоны жарыс жолынан шығарса, ширек финалда Франция өкілі Ромен Валадье-Пикарды жеңді.
Жартылай финалда Шерзод Давлатов Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, жапониялық Рюдзю Нагаямамен кездесті. Тартысты белдесудің негізгі уақыты тең аяқталып, жеңімпаз Golden Score кезеңінде анықталды. Қосымша уақытта «юко» ұпайын еншілеген Давлатов финалға жолдама алды.
Финалда Шерзод Давлатов Әзербайжан өкілі Ахмад Юсифовпен кездесті. Айта кетейік, қос дзюдошы бұған дейін де финалда белдескен. 2024 жылы Zagreb Grand Prix турнирінің шешуші кездесуінде Давлатов Юсифовты жеңіп, жарыс жеңімпазы атанған болатын.
Бакудегі әлем чемпионаты 11 қазанға дейін жалғасады.
Естеріңізге сала кетсек, келесі әлем чемпионаты 2027 жылы Астанада өтеді.