Олимпиада жолдамасы үшін бәсеке қыза түсті
Қазақстан құрамасының 60 келіге дейінгі салмағында Олимпиада жолдамасы үшін бәсеке күшейе түсті. Бұған дейін осы салмақта көш бастап келген Елдос Сметовке енді әлем чемпионатының күміс жүлдегері Шерзод Давлатов лайықты бәсекелес болып отыр.
24 жастағы Шерзод Давлатов Бакуде өткен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандық дзюдошы жарыс барысында бес қарсыласын жеңіп, финалға дейін жетті. Олардың арасында Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, қазіргі әлем чемпионы жапониялық Рюдзю Нагаяма да бар.
Давлатовтың бұл нәтижесі 60 келідегі ішкі бәсекені жаңа деңгейге шығарды. Өйткені Олимпиада ойындарында бір елден бір салмақта тек бір спортшы ғана қатыса алады. Демек, 2028 жылғы Олимпиадаға дейін Сметов пен Давлатов өзара бәсекеде кімнің мықты екенін дәлелдеуі керек.
Елдос Сметовтің өзі де мұны жақсы түсінеді. 34 жастағы Олимпиада чемпионы Inform.kz тілшісіне берген сұхбатында Шерзод Давлатовтың әлем чемпионатындағы күмісіне қуанып, ұлттық құрамадағы орын үшін бәрі тең жағдайда таласатынын айтты.
«Шерзодтың әлем чемпионатында күміс алғанын ұшақта келе жатқанда білдім. Бұл — үлкен жетістік. Оны да, өзімізді де осы жүлдемен құттықтаймын. Олимпиададағы орын маған алдын ала берілмейді. Егер құрамадан біреу менен мықты болса және Олимпиадаға сол баратын болса, оған ешқандай өкпем жоқ. Әр адамның Олимпиадаға баруға мүмкіндігі бар. Кім мықты болса, сол барады. Спортта мықты спортшының барғанына өкпе болмауы керек», — деді Сметов.
Дзюдошының алдағы басты мақсаты — 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғау. Бұл жарыста бір салмақта бір елден екі спортшыға дейін қатыса алады. Сондықтан Сметов үшін әлем чемпионаты да өз деңгейін дәлелдеуге мүмкіндік беретін маңызды бәсеке болмақ.
«Әрине, қазір басты мақсат — өз елімізде өтетін әлем чемпионаты. Үйде алтын алуымыз керек. Одан кейінгі жоспар — Олимпиада. Бірақ тағы да қайталаймын, іріктеу болады. Одан өту үшін көп еңбек етуім керек. Олимпиадаға баратын орын маған алдын ала берілмейді, бәріміз тең жағдайда боламыз», — деді ол.
Сметов спорттық мансабын әзірге аяқтауды жоспарлап отырған жоқ. Керісінше, ұлттық құрамадағы жас спортшылармен тең дәрежеде бәсекеге түсіп жүргеніне қуанышты екенін атап өтті.
«Мен спортты жақсы көремін. Мотивациям өте көп. Оны бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», — деп түйіндеді Елдос Сметов.