Нұрлан Жақыпов 2025 жылғы наурызда Қазақстанның су спорты федерациясының президенті атанған
Қазақстанның су спорты федерациясының президенті әрі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов ұсталды. Ол сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.
Ұстау операциясы 2026 жылғы 11 қарашада өткен. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізген. Жақыповпен бірге «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жаңа басшысы Елжас Отынышиев те ұсталған.
Қазіргі уақытта екеуіне қатысты қылмыстық істің мән-жайы жарияланған жоқ. ҰҚК бұл мәселеге қатысты Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге шектеу қойылғанын мәлімдеді.
Нұрлан Жақыпов 2023 жылғы сәуірде «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы болып тағайындалған. Ал 2025 жылғы наурызда Қазақстанның су спорты федерациясының президенті атанып, бұл қызметте Андрей Крюковты алмастырды. Оның кандидатурасын федерация мүшелері бірауыздан қолдаған.
Айта кетейік, Қазақстанның су спорты федерациясы 1998 жылы құрылған. Ұйым жүзу, су добы, артистикалық жүзу, суға секіру және ашық судағы жүзу спорт түрлерін біріктіреді. Федерация World Aquatics халықаралық ұйымы мен Азия су спорты федерациясының мүшесі саналады.
Әзірге ұсталған азаматтарға тағылған күдіктің нақты мазмұны, мемлекетке келтірілген ықтимал залал және оларға қатысты бұлтартпау шарасы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры мен су спорты федерациясының басшылығын уақытша кім атқаратыны белгісіз.