Асаубаева екі рет жеңіске жетіп, екі рет тең ойнады және екі мәрте жеңіліс тапты
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Венгрияның Будапешт қаласында өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турниріндегі жағдайын жақсартты.
Топтық кезеңнің үшінші турында отандасымыз үндістандық Вайшали Рамешбабумен екі партия өткізді. Алғашқы кездесуде ақ фигуралармен ойнаған Асаубаева жеңіске жетсе, екінші партияда үндістандық шахматшы қарымта қайтарды.
Үш турдың қорытындысы бойынша Бибісара 8 ұпай жинап, D тобында төртінші орынға көтерілді. Топ көшін 12 ұпаймен француз Максим Вашье-Лаграв бастап келеді. Екінші және үшінші орындарда тоғыз ұпайдан жинаған америкалық Ханс Ниманн мен үндістандық Арджун Эригайси орналасқан.
Бұған дейін қазақстандық шахматшы америкалық Уэсли Сомен екі партияда тең түсіп, одан кейін Арджун Эригайсимен жеңістермен алмасты. Осылайша, алты партияның қорытындысы бойынша Асаубаева екі рет жеңіске жетіп, екі рет тең ойнады және екі мәрте жеңіліс тапты.
Айта кетейік, Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирі 10-20 қараша аралығында Будапештте өтеді. Жарысқа 24 шахматшы қатысып, төрт топқа бөлінген. Турнир бағдарламасына блиц, рапид және жылдам классика кезеңдері енгізілген. Жүлде қоры – 650 мың АҚШ доллары.