Алда қарсыластар тағы екі партия өткізеді
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Будапештте (Венгрия) өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде норвегиялық Магнус Карлсенмен партияда тең түсті. Осылайша отандасымыз қарсыласына қарсы қатарынан тіркелген жеңілістер сериясын үзді.
Қазіргі уақытта қос шахматшы плей-офф кезеңінің бесінші тобында (Knockout 5) 17–20-орындар үшін бақ сынап жатыр. Екінші ойын күні Асаубаева үшін сәтсіз басталды. Қазақстандық шахматшы блиц форматында өткен алғашқы төрт партияның барлығында Карлсенге жол беріп, есеп 0:4-ке жетті.
Дегенмен рапид форматындағы бесінші партияда Бибісара қарқынын бәсеңдетпей, ақ фигуралармен тең нәтижеге қол жеткізді. Осылайша екі шахматшы да екі ұпайдан еншіледі. Екінші ойын күніндегі жалпы есеп әзірге 6:2 есебімен Карлсеннің пайдасына.
Бірінші ойын күні де норвегиялық шахматшы басым түскен еді. Ол 11,5:8,5 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен Магнус Карлсен соңғы партияға шығудан бас тартқандықтан, Асаубаева сегіз ұпайды қарсыласының бұл шешімі арқылы иеленген болатын.
Алда қарсыластар тағы екі партия өткізеді. Алдымен рапид форматында қайта кездессе, шешуші ойынды жылдам классика ережесі бойынша өткізеді. Соңғы партиядағы жеңіс сегіз ұпаймен бағаланады.
Айта кетейік, Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 650 мың долларды құрайды.