Қазақстандық шахматшы қыздар Үндістанды жеңіп, Азия кубогында қола медаль жеңіп алды

Үндістан шахматшыларын 2,5:1,5 есебімен жеңіп, үздік үштікке енді

KazChess
KazChess

Қазақстанның әйелдер құрамасы Абу-Дабиде өткен Азия ұлттары кубогында қола медаль иеленді. Шешуші кезеңде отандастарымыз Үндістан шахматшыларын 2,5:1,5 есебімен жеңіп, үздік үштікке енді.

Қазақстандық қыздар жарысты сәтті бастап, алғашқы екі турда Шри-Ланка мен Өзбекстан құрамаларын 3:1 есебімен ұтты. Үшінші кезеңде Ресейге 1,5:2,5 есебімен жол бергенімен, кейін Жаңа Зеландияны 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Алайда Қытайдан 0,5:3,5 есебімен жеңілген соң, турнир кестесінде төртінші орынға сырғыды.

Мәреге бір тур қалғанда Қазақстан құрамасы Моңғолияны 3,5:0,5 есебімен жеңіп, жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Бұл кездесуде Ксения Балабаева, Елназ Қалиахмет және Лия Құрманғалиева жеңіске жетсе, Меруерт Камалиденова тең түсті. Нәтижесінде Қазақстан қола жүлдеге ие болды. Алтын медаль Ресейге, күміс жүлде Қытайға бұйырды.

Ерлер құрамасы да турнирді жеңіспен аяқтады. Соңғы турда Моңғолияны 3,5:0,5 есебімен ұтқан қазақстандықтар жалпы есепте төртінші орынға тұрақтады. Тоғыз кездесудің алтауында жеңіске жетіп, біреуінде тең түсіп, екеуінде жеңілген команда 13 ұпай жинады.

Ерлер арасындағы командалық есепте Ресей бірінші, Үндістан екінші, Қытай үшінші орын алды.

Жекелей есепте Қазақстан өкілдері де жүлдесіз қалған жоқ. Денис Махнёв пен Даниял Сәпенов күміс медаль иеленсе, Әлішер Сүлейменов пен Жандос Ағманов қола жүлдеге қол жеткізді.

Айта кетейік, Азия ұлттары кубогы 10–17 қараша аралығында Абу-Дабиде өтті. Жарысқа 12 әйелдер және 20 ерлер құрамасы қатысты.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам