Норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен Будапештте (Венгрия) өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 супертурнирінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваға қарсы партияны екінші рет ойнаудан бас тартты.
Оқиға 17–20-орындар үшін өтіп жатқан кездесудің екінші ойын күнінде болды. Алдымен Карлсен блиц форматындағы төрт партияның барлығында жеңіске жетті. Кейін рапидтегі екі кездесудің бірінде басым түсіп, екіншісінде тең нәтиже тіркеді. Жылдам классика форматындағы соңғы партия алдында норвегиялық шахматшы 10:2 есебімен алда тұрды.
Алғашқы ойын күнінде де Карлсен 11,5:8,5 есебімен жеңіске жеткендіктен, соңғы партиядағы техникалық жеңіліс оның жалпы басымдығына әсер етпейтін еді. Осыны ескерген 16-әлем чемпионы шахмат тақтасына қайта отырмады. Асаубаева ақ фигуралармен алғашқы жүрісін жасағаннан кейін оған техникалық жеңіс берілді.
Айта кетейік, Карлсен алдыңғы ойын күнінде де жалпы жеңісті мерзімінен бұрын қамтамасыз еткен соң классика форматындағы соңғы партиядан бас тартқан болатын.
Норвегиялық гроссмейстердің мұндай шешімге баруына классикалық шахматтағы ФИДЕ рейтингін тәуекелге тіккісі келмеуі себеп болуы мүмкін.