Ағайынды Нурмагомедовтер БАӘ түрмесінен босатылып, Ресейге оралды

Абу-Дабидің қылмыстық соты жазаны жеңілдетіп, сегіз адамның барлығын қамаудан босатқан

әлеуметтік желі
әлеуметтік желі

Аралас жекпе-жек шеберлері Усман және Умар Нурмагомедовтер, сондай-ақ Абу-Дабиде болған төбелеске байланысты ұсталған тағы 6 адам бостандыққа шығып, Ресейге оралды. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.

«Ұсталғандар қамаудан босатылды. Олар Ресейге оралды», – деді агенттікке дереккөз.

Бұған дейін UFC-дің аса жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы, грузиялық Мераб Двалишвили әлеуметтік желідегі парақшасында Усман Нурмагомедов пен оның достарын өзіне шабуыл жасады деп айыптаған болатын. Кейін жанжалға қатысқандардың ұсталғаны белгілі болды.

Бастапқыда барлығы 10 адам қолға түскен. Олардың екеуі босатылып, қалған сегізі алты айға бас бостандығынан айырылып, 300 мың дирхам көлемінде айыппұл арқалаған. Ұсталғандардың қатарында Умар Нурмагомедов те болған.

Двалишвили Абу-Даби билігіне үндеу жасап, қамауда отырған азаматтарды босатуды сұрады. Кейін Абу-Дабидің қылмыстық соты жазаны жеңілдетіп, сегіз адамның барлығын қамаудан босату туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтарында Мераб Двалишвили мен Усман Нурмагомедовтің туған ағасы Умар арасында жекпе-жек өткен. Сол кездесуде грузиялық файтер жеңіске жетіп, чемпиондық белбеуін қорғап қалған. Қазір бұл салмақтағы чемпиондық белбеу ресейлік Петр Янға тиесілі. Двалишвили соңғы екі жекпе-жегінде де Яннан жеңіліп қалған.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам