Токио Олимпиадасының чемпионынан допинг табылып, үш жылға спорттан шеттетілді

33 жастағы спортшының допинг-сынамасынан эритропоэтин (ЭПО) анықталған

Getty Images
Getty Images

Кениялық желаяқ Перес Джепчирчир допинг қолданғаны үшін үш жылға жарыстардан шеттетілді. 

33 жастағы спортшының допинг-сынамасынан эритропоэтин (ЭПО) анықталған. Бұл гормон қан құрамындағы эритроциттер санын арттыру арқылы спортшының төзімділігін күшейтуі мүмкін және тыйым салынған допингтік препараттар қатарына жатады.

AIU шешімімен Джепчирчир үш жылға спорттан шеттетілді. Дисквалификация мерзімі 2026 жылғы 20 қазаннан бастап есептеледі. Ал 2026 жылғы 17 шілдеден бергі нәтижелерінің барлығы жойылды.

Перес Джепчирчир – Токио-2020 Олимпиадасының марафондағы чемпионы. Сондай-ақ ол 2025 жылы осы қашықтықта әлем чемпионы атанған.

Кениялық желаяқ Нью-Йорк (2021), Бостон (2022) және Лондон (2024) марафондарында жеңіске жеткен. Ал 2026 жылы Сидней марафонында тіркелген жеңісі допингке қатысты шешімнен кейін күшін жойды.

Айта кетейік, осы іске байланысты Кенияның тағы екі ұзақ қашықтыққа жүгірушісі де ұзақ мерзімге жарыстардан шеттетілді. Вероника Лолео үш жылға, ал Рональд Корир алты жылға дисквалификацияланды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам