Қазақстандық спортшы Алексей Урмановпен он жылдық әріптестігін аяқтады
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ресейлік маман Алексей Урмановпен бірлескен жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді.
Спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, бапкерімен бірге өткен он жылға жуық уақытты еске алды.
Шайдоровтың айтуынша, ол 12 жасында үлкен арманмен Алексей Урмановтың жаттығу жиынына барған. Содан бері екеуі бір команда болып, талай қиындықты бірге еңсеріп, бүгінгі жетістіктерге жеткен.
«Осы жылдар ішінде талай қиындықты бастан өткердік, жарақаттар мен сәтсіздіктерді еңсердік, жеңістердің қуанышын бірге бөлістік. Ең бастысы, осы жолда бапкерімнің өз шәкіртіне деген сенімін әрдайым сезіндім», – деп жазды спортшы.
Ол Алексей Урмановтың он жыл бойы өзіне мол тәжірибе мен кәсіби білім беріп, спортшы ретінде қалыптасуына зор үлес қосқанын атап өтті. Сондай-ақ бапкерінің арқасында тек мұз айдынында ғана емес, өмірде де көп нәрсе үйренгенін жеткізді.
Шайдоров алдағы уақытта мансабында жаңа кезең басталатынын айтып, бұрынғыдай аянбай еңбек етіп, Қазақстанның намысын халықаралық аренада абыроймен қорғауды жалғастыратынын мәлімдеді.