Ағылшын футболының алыбы Чемпионшипке түсіп қалуы мүмкін бе?
Бұл – Царукянның RAF лигасындағы оныншы жеңісі
UFC файтері Арман Царукян америкалық Энтони Петтисті күрес кілемінде небәрі 42 секундта жеңді. Осылайша, армян спортшысы Real American Freestyle (RAF) лигасындағы чемпион атағын сақтап қалды.
Жекпе-жек 28 қарашада Чикагода өткен RAF 15 турнирінде ұйымдастырылды. Царукян кездесудің алғашқы секундтарынан шабуылға көшіп, қарсыласының аяғына өтіп, оны кілемге алып құлатты. Артынша америкалық спортшының жауырындарын кілемге тигізіп, төрешіні белдесуді тоқтатуға мәжбүр етті. Нәтижесінде армян файтері 42 секундта жеңіске жетті.
Айта кетейік, Энтони Петтис үшін RAF лигасындағы алғашқы белдесу болды. Бастапқыда ол Дональд Серронемен кездесуі керек еді. Алайда ұйымдастырушылар бұл жекпе-жекті өзгертіп, Петтиске Царукянмен чемпиондық белдесу өткізуді ұсынған.
Жеңістен кейін Арман Царукян келесі қарсыласы ретінде UFC-дің бұрынғы чемпионы, Олимпиада жеңімпазы Генри Сехудоны атауы мүмкін екенін меңзеді. Сехудо да кештің басты жекпе-жегінде оңтүстіккореялық Сон Ядунды 11:0 есебімен айқын жеңіп, армян спортшысын белдесуге шақырды.
Бұл – Царукянның RAF лигасындағы оныншы жеңісі. Ол чемпиондық белбеуді 23 қазанда өткен RAF 14 турнирінде Диллон Дэнисті 78 секундта техникалық басымдықпен (10:0) жеңіп алған болатын. Ал 14 қарашада Әбу-Дабиде Нейман Грейсиден басым түсті.
Айта кетейік, 30 жастағы Арман Царукян UFC-дің жеңіл салмақтағы рейтингінде екінші орында тұр. Ол келесі жекпе-жегін чемпиондық белбеу үшін өткізуді көздеп отыр.