«Челси» қазақстандық футболшыға жаңа клуб іздеуге кірісе ме?
Жекпе-жек 20 желтоқсанда Дубайда өтетін ACBJJ 24 турнирі аясында ұйымдастырылады
Қазақстандық ММА файтері Жалғас Жұмағұлов UFC өкілі Амир Альбазимен тағы бір мәрте күш сынасады. Бұл жолы қос спортшы октагонда емес, грэпплинг кілемінде кездеседі.
Жекпе-жек 20 желтоқсанда Дубайда өтетін ACBJJ 24 турнирі аясында ұйымдастырылады. Қарсыластар 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде no-gi ережесі бойынша, яғни кимоносыз белдеседі.
Бұл – Жалғас Жұмағұловтың ACBJJ лигасындағы алғашқы кездесуі. Бұған дейін қазақстандық файтер ұйыммен төрт жекпе-жекке арналған келісімшартқа қол қойғанымен, алғашқы қарсыласының есімі жарияланбаған еді.
Айта кетейік, Жұмағұлов пен Альбази бұған дейін 2021 жылдың қаңтарында UFC 257 турнирінде кездескен. Сол кезде ирактық спортшы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жеткен болатын. Енді қос файтер араға бес жылға жуық уақыт салып, таза күресте кім мықты екенін анықтайды.
Амир Альбази бұл кездесуге жеңіспен келеді. Ол өткен аптада Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде бразилиялық Алессандро Костаны үшінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңді. Осы нәтижеден кейін UFC-дің аса жеңіл салмақтағы рейтингінде жетінші орынға көтерілді.