Олимпиадаға жолдама алған қос балуан да аталған жарысқа қатысады
Бішкекте күрестен 11-16 сәуір күндері өтетін Азия біріншілігіне қатысатын Қазақстан балуандарының есімі белгілі болды. Олардың бәрі – ақпан айында ел чемпионатына қатысып, финалға дейін жеткен балуандар.
Олардың қатарында әлем чемпионатында Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленген Азамат Дәулетбекова пен Нұрсұлтан Тұрсынов, сондай-ақ, әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан да бар.
Еркін күрес құрамасы балуандарының қатарында Мейрамбек Қартбай (57 келі), Асыл Айтақын (61 келі), Санжар Мұхтар (65 келі), Мейіржан Әшіров (70 келі), Талғат Сырбаз (74 келі), Азамат Өміржанов (79 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі), Әділет Даулембаев (92 келі), Ризабек Айтмұхан (97 келі), Абылай Совет (125 келі) сынды спортшылар бар.
Ал, әйелдер күресінен ұлттық құрама балуандары арасында Ирина Жәнібекова (50 келі), Аяжан Марқашева (53 келі), Зүлфия Яхьярова (55 келі), Лаура Алмағанбетова (57 келі), Диана Каюмова (59 келі), Тыныс Дубек (62 келі), Ирина Казюлина (65 келі), Мадина Бақбергенова (68 келі), Эльмира Сыздықова (76 келі) бастаған балуандар белдеседі.
Грек-рим күресінен Азия чемпионатында бапкерлер Нұрзат Қабдырахимов (55 келі), Ғалым Қабдунасыров (60 келі), Ержет Жарылғасов (63 келі), Алматбек Аманбек (67 келі), Николай Хапко (72 келі), Ибрагим Магомадов (77 келі), Евгений Поливадов (82 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі), Юсуф Мациев (97 келі), Мансұр Шадукаевқа (130 келі) сенім артып отыр.
Бұған дейін Бішкекте өтетін лицензиялық турнирде белдесетін балуандар есімі болған еді. Аталған сынға биыл ел чемпионатында топ жарған балуандар қатысады. Жалпы, күрес түрлерінен әзірге Қазақстан құрамасына тиесілі екі жолдама ғана бар.