Ресейліктер Париж Олимпиадасына тусыз, әнұрансыз, мемлекетсіз қатысады
Франция президенті Эммануэль Макрон ресейлік спортшылардың Олимпиада ойындарына тусыз және әнұрансыз қатысуына қатысты өз пікірін білдірді. Айта кетейік, биыл жазғы Олимпиада ойындары Парижде өтеді.
Ресей билігінің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан агрессиялық соғысына байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті Ресей мен Беларусь спортшыларын Олимпиадаға тек бейтарап ту астында қатысуға ғана рұқсат берген еді.
«Ресейлік спортшыларды 2024 жылғы Олимпиада ойындарына бейтарап мәртебемен қатыстыру туралы шешімді әділетті деп ойлаймын. Біз спортшыларды әдет нормаларын сақтауға, қарсыластар тарапына артық сөз айтпауға және саяси ойын жүргізбеуге шақырамыз. Агрессия көрсетудің қажеті жоқ.
Олимпизм – бір-бірінің ойымен келіспейтін тараптар мен спортшыларға достасуға көмектесетін алаң. Ресей оған шақырылған жоқ, оның президенті де шақырылмайды. Бірақ спортшылар әнұран мен тусыз-ақ өнер көрсете алады», - деді Макрон RMC Sport-қа берген сұхбатында.
Париждегі Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.