Оның бапкері де ескерусіз қалған жоқ
Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алған грек-рим күресінің балуаны Әлімхан Сыздықовқа Шымкентте 3 млн теңге сыйақы берілді. Олимпиадалық лицензияны ол жуырда Бішкекте өткен халықаралық турнирде жеңіп алған болатын.
Қаржылай сыйақыны Әлімхан Сыздықов пен оның бапкері Бисолт Дециевке Шымкент қаласы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Сапарбаев табыстаған. Атап айтқанда, балуанның өзіне – 3 млн теңге, бапкеріне 1 млн теңге берілген.
130 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әлімхан Сыздықовтың шешуші сында қырғызстандық Роман Киммен болған кездесуі қоғамда қызу талқыланған болатын. Эмоцияға толы белдесуде қырғыз балуаны Әлімханның бетінен шапалақпен тартып жіберіп, төрешіден ескерту алды және қолда тұрған жеңісінен айрылып қалды.