Жаңа конкурс! Видеоны көріп, конкурстың шартымен танысып 5000 теңге ұтып ал!

Елордада пара волейболдан қалалық жарыс өтті

09.05.2024, 20:45

Жарысқа төрт команда қатысты

Елордада пара волейболдан қалалық жарыс өтті
фото автордан

Астанада 9 мамыр – Жеңіс күніне орай пара волейболдан қалалық турнир өтті. Тірек-қимыл аппараты зақымдалған тұлғалар арасындағы жарысқа төрт команда қатысты.

Атап айтсақ, әйелдер және ерлер құрамасы сонымен қатар, ардагерлер мен паралимпиадалық жаттықтыру орталығының қызметкерлері ойнады.

Жалпы, елімізде волейболды отырып ойнау қарқынды дамып келеді. Былтыр Қазақстан құрамасы араға 28 жыл салып, Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алған еді.

Астана қаласының ерлер және әйелдер құрамасының бас бапкері Медеу Әбеновтің айтуынша, елордаданың өзінде 40-қа жуық кәсіби пара волейболшы бар екен. Енді олар 27-31 мамыр аралығында өтетін ҚР чемпионатының бірінші кезеңіне қатысады. Бас бапкердің айтуынша, бүгінгі турнир сол біріншілікке дайындық іспеттес.

Тағдырдың сынағына мойымай, қайта алға ұмтылатын жандар болады. Солардың бірі – отырып ойнайтын параволейболдан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Фарида Қабылова. Ол волейбол спортына мектеп кезінен әуес болып, алтыншы сыныптан бастап айналыса бастаған.

Алайда, осыдан 5 жыл бұрын Фарида аяғынан айрылып, арбаға танылды. Есте болса, Астанадағы Қабанбай батыр даңғылының бойында үш қоғамдық көлік соқтығысқан еді. Жантүршігерлік апаттан екі адам қайтыс болып, 27 адам зардап шекті. Олардың арасында арасында Фарида Қабылова да болған.

«Міне, сол жол-көлік апатында бір аяғымнан айрылдым. Алайда, мұны сынақ деп қабылдап, алға ұмтылуды жалғастырдым. Мектеп кезде волейболды жақсы ойнаған едім. Көп ойланбай, 2020 жылы осы спорт түріне келдім. Отырып ойнау мүлдем бөлек. Біздің әйелдер құрамасының құрылғанына 7 жыл. Мен мұнда төрт жылдан бері ойнап жүрмін. Команда капитаны болдым», - дейді ол.

- Аптасына неше рет жаттығу жасайсыздар?

- Аптасына 3-4 рет жаттығу жасаймыз. Демалыс күндері де келіп тұрамыз. Ол өзіміздің денсаулығымыз үшін. Әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты жоқ. Сондықтан ерлермен жарысамыз.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Бастысы, жаттығулардан қалмау керек. Күзде Омбыға жарысқа барамыз. Соған дайындаламыз.

- Капитан ретінде Сізді қалай таңдады?

- Мені бапкерлер штабы мен құрама мүшелері таңдады. Біріншіден ойыныма қарап, екіншіден көшбасшылық қасиетімді байқаған болар.

Ал, бүгінгі жарыста бірінші орынды ерлер құрамасы жеңсе, екінші орынды «Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы» иеленді. Ал, үздік үштікті әйелдер құрамасы түйіндеп отыр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам