Олимпиада жүлдегері енді төртжылдықтың бас додасында алтын алсам деп армандайды
Астанада өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam-де қола жүлдегер атанған Елдос Сметов татамидегі өнеріне баға берді.
Спортшы алдымен қолдау көрсеткен жанкүйерге алғысын білдірді.
«Елордада осыдан тоғыз жыл бұрын күрескен екенмін. Халықтың қолдауын, айқай-шуын өте қатты сағынып қалыппын. Барша жанкүйерге алғысымды білдіргім келеді. Әрине, өз елімізде әнұранды ойнатқанда керемет болар еді. Өздеріңіз көргендей, ақырындап бабыма еніп келе жатырмын. Бүгінгі күресім көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын», - деді дзюдошы.
Сонымен қатар ол бұл медалін кімге арнайтынын тілге тиек етті.
«Қола жүлдені осыдан бес ай бұрын дүниеге келген ұлыма және Жеңіс күнінде туған күнін атап өтетін анама арнаймын. Алтын сыйлағанда жақсы болар еді, бірақ бұйыртқаны үшінші орын болды», - деді Сметов.
Танымал спортшы еліміздегі бәсекелестік жайлы да пікірін білдірді:
«Құдай қаласа, ең маңызды жарыстар алда. Мынадай деңгейдегі жарыстың елімізде ұйымдастырылуы өте дұрыс. Елімізде бәсекелестік өсіп келеді, ол керек дүние, адам онсыз өспейді. Мұның тәжірибе арттыруға мықтырақ бола түсуге пайдасы зор, бұл ешқандай да қиянат емес. Соңына дейін күресуге, өзіңді дәлелдеуге әр адамның құқығы бар».
Олимпиада жүлдегері енді төртжылдықтың бас додасында алтын алсам деп армандайды.
«2015 жылы әлем чемпионы атанғанымда Жақсылық Үшкемпіров ағамыз өз қасығымен тамақ асатып, «менің жолымды басатын тағы бір қазақ баласы шықты, сенің Олимпиада чемпионы атанатыныңа кәміл сенемін» деп батасын беріп еді. Бүгін, міне, сол кісінің атындағы аренада күрестік. Көзі тірі болғанда, биыл 73 жасқа толар еді. Сол кісінің сөзі де, өзімнің арманым да мені алға ұмтылдырады. Қалай да олимпиада алтынын алғым келеді. Ел үшін, намыс үшін, мақсат үшін шаршадым деуге хақым жоқ», - деді Елдос.