Бұған дейін Қазақстан гимнастшылары құрлық чемпионатында көпсайыс қорытындысында жүлде алмаған
Ташкентте спорттық гимнастикадан өтіп жатқан Азия чемпионатында Милад Карими күміс жүлдегер атанды.
Отандасымыз көпсайыстан сынға түсіп, 84.632 ұпай жинады. Осылайша ол жалпы есепте екінші орынға табан тіреп отыр.
Ал, бұл бәсекеде Филиппин спортшысы Карлос Юло чемпион атанды. Өзбек атлеті Абдулла Азимов 82.431 ұпаймен қола жүлдеге қол жеткізді.
Құрлық біріншілігінде топ жарған спортшы Париж Олимпиадасына қатысу құқығына ие болады. Бұл ретте Карими мен Юлода жолдама болғандықтан, лицензия өзбек спортшысына беріліп отыр.
Сондай-ақ, қазақстандық тағы бір спортшы Дмитрий Патанин көпсайыста 79.598 ұпай жинап, жүлдеден тыс қалды.
Olympic.kz-тің жазуынша, Милад Карими Азия чемпионатында көпсайыстан күміс медаль алу арқылы тарихи жетістік тіркеген. Бұған дейін отандық гимнастар жекелеген снарядтарда жүлде алғаныман, құрлық додасында көпсайыс қорытындысы бойынша тұғырға шықпаған.