Осыдан бір апта бұрын Қадыровтың 15 жастағы екінші ұлы да лауазымды қызметке тағайындалған
Ресей құрамындағы Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров 18 жастағы үлкен ұлы Ахмат Қадыровты Спорт министрінің дене шынықтыру, спорт және жастар саясаты жөніндегі бірінші орынбасары болып тағайындады.
Мектепті енді бітіретін жастағы бозбаланың лауазымды қызметке тағайындалғаны туралы парламент спикері Магомед Даудов мәлімдеді. Сонымен қатар, шешен басшысы бұл туралы жеке телеграм арнасындағы марапаттар туралы жазғанда ұлының жаңа лауазымын айрықша атап өткен.
8 қараша күні 18 жасқа аяқ басқан Ахмат Қадыровтың алдында министрдің орынбасары лауазымында Хусейн Абдулкаримов болған еді. Алайда, шенеунік күтпеген жерден бірінші орынбасар қызметінен спорт министрінің орынбасарына төмендеп қалып отыр.
Бұдан бөлек, Рамзан Қадыров 15 жастағы ұлын да жауапты қызметке тағайындаған еді. Адам Қадыров сонымен бірге, бірнеше атаққа ие болып, мемлекет деңгейінде марапатталып отыр.