Жарыс 2 желтоқсанда басталады
Жыл соңында әлемнің ең үздік дзюдошылары Жапония астанасына жиналады. Бұл жарысқа Қазақстанның балуандары да шақырылған. Олардың арасында Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов те бар.
Астанада өтіп жатқан ел чемпионатынан жарақатына байланысты тыс қалған спортшы жауапты сынның жүлдесінен үмітті болып отыр.
Бұдан бөлек 60 келіде құраманың тағы бір мүшесі Нұрқанат Серікбаев та Токиода белдеседі. Әлемдік рейтингте 18-ші орында тұрған балуан биыл Дохада өткен дүниежүзілік біріншілікте қола жүлде үшін күресіп, бесінші орынмен жарысты аяқтаған еді.
Отандықтың БАҚ-қа берген сұхбатында Нұрқанат Серікбаев келер жылы Париж Олимпиадасына Елдос Сметов екеуінің қайсының баруы мүмкін деген сауалға жауап берді.
«Бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Оны жоғары жақтағылар шешеді. Қазір өзім рейтинге 18-ші орындамын. Бұл тұрғыдан менде Париж Олимпиадасының лицензиясы бар. Бұл жерде құрамадағы әріптестерімнің арасынан біреуіміз таңдаламыз», - дейді ол.
Токио Олимпиадасынан кейін 66 келіге ауысқан Елдос Сметов халықаралық жарыстарда жүлдеге іліне алмады. Өткен жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында 60 келіде сынға түскен ол қола медаль иегері атанған болатын. Алайда, биыл Катар астанасында өткен әлем біріншілігінде жарысты ерте аяқтады.
2 желтоқсанда Токиода басталатын бәсекеде күресетін балуандар қатарында Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев, Нұрзат Сәлімбаев (66 кг), Данияр Шамшаев, Асқар Нарқұлов (73 кг), Абылайхан Жұбаназар, Руслан Мусаев (81 кг), Айдар Арапов, Ермахан Әнуарбеков (90 кг) Бекарыс Сәдуақас, Нұрлыхан Шархан (100 кг), Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбай (+100 келі) сынды балуандар бар.
Ал әйелдер құрамасында Абиба Әбужақынова (48 кг), Ғалия Тынбаева (52 келі), Есмигүл Куюлова (63 келі), Екатерина Токарева (70 келі), Назгүл Маратова, Камила Берліқаш (+78 келі) татамиге шығады.