Бұған дейін марқұм боксшы туралы кино түсірілген болатын
Қазақстандық жазушы Бейбіт Сарыбай Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов туралы шығармасын аяқтағанын мәлімдеді.
Қаламгер бұл туындысына боксшының рингтен тыс өмірін арқау еткен.
«Біраз уақыттан Бекзат Саттархановтың шаршы алаңнан тыс өмірі туралы жазып жүрген шығарманың нүктесін қойдым. Аяқтаған бетте Бекзат Сейілханұлының рухына арнап «Фатиха» мен «Ықыласты» оқыдым. Баян Хасанова деген мықты редактордың қолына тапсырдым. Жақсы жаздым деп сенімді айту қиын ғой, жақсы көріп жаздым... Шығарма туралы, жазылуы турасында кейінірек кеңірек айтармыз. Бұйырса кітап болып шығады», - деп жазды Бейбіт Сарыбай әлеуметтік желіде.
Әзірге шығарманың нақты қай уақытта шығатыны белгісіз.
Есте болса, 20 жасында Олимпиада чемпионы атанған Бекзат Саттарханов туралы бұған дейін «Бекзат» атты көркем фильм де түсірілген.
Түркістан қаласында туған спортшы бокспен 5 жыл айналысты. Осы уақыт аралығында ол жастар арасында ел чемпионатында топ жарып, 1998 жылы Аргентинада өткен әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Ал ересектер арасында 1999 жылы Ташкентте Азия біріншілігінің финалына шығып, екінші орынға тұрақтады. Бұл сында марқұм боксшы Сидней Олимпиадасының жолдамасын иеленген болатын.
Өкінішке қарай, Сидней Олимпиадасында топ жарған боксшы арада тура үш ай уақыт өткенде жол апатынан қаза тапты.