ЖБ Шоу #11! Жаңа шығарылым! Азиада-2011: Алматыдағы «позор»

Ресейдің ХОК шектеуіне ілінбеген балуандары Олимпиадаға қатысудан бас тартты

06.07.2024, 18:49

Федерация тарапы Ресей құрамасының спортшылары мен жаттықтырушылары саясаткерлермен келіспейтінін айтып отыр

Ресейдің ХОК шектеуіне ілінбеген балуандары Олимпиадаға қатысудан бас тартты
EPA / ТАСС

Халықаралық Олимпиада комитетінен Париждегі ойындарға қатысуға рұқсат алған ресейлік балуандар жарысқа барудан бас бартты. Бұл туралы Ресейдің күрес федерациясы мәлімдеді.
 
Париж Олимпиадасында 5-11 тамыз күндері күрес түрлерінен бәсекелер өтеді.

«Ресейлік балуандар санкциялық қысым, негізсіз шектеулер жағдайында, толыққанды және қатыгез тексерулер кезінде мүмкін болған 18 жолдамадан 16 олимпиадалық лицензияны жеңіп алды. Ал команданың көптеген белгілі балуандары, соның ішінде талантты жастар да, әйгілі әлемдік көшбасшылар да, Олимпиада ойындарының жеңімпаздары да жарысқа жіберілмей қалды. Маусым айының ортасында Халықаралық Олимпиада комитетінің ресурстарында "рұқсат етілген спортшылардың тізімі" жарияланды. Олардың ішінде тек 10 ресейлік балуан бар. Оның алтауы Ресей құрамасының негізгі құрамдағы спортшылары емес», - деп жазылған хабарламада.

Ресейдің күрес федерациясы мүмкіндіктері бола тұра шектеуге тап болдық дегенді алға тартып отыр.

«Іріктеу кезінде біз Олимпиада хартиясының, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің, спорттық принцип бойынша іріктеу үшін барлық жағдай жасаған Біріккен күрес әлемінің Жарғысының ережелеріне сәйкес, шынайы бәсекеге толы күресте Олимпиада ойындарына қатысу құқығына ие болдық. Бірақ Халықаралық Олимпиада комитеті Абдулрашид Садулаевтың үшінші Олимпиада шыңына шығуына кедергі болды. Заурбек Сидаковқа, Зауру Угуевке, Мұса Евлоевке және Ресей құрамасының басқа балуандарына өнер көрсетуге мүмкіндік бермей отыр. Ал Біріккен күрес әлемі Олимпиада ойындарындағы ең мықты жарыстағы соңғы мүмкіндігінен айрылды. Осыған байланысты Ресей спорттық күрес федерациясының Атқару комитеті еркін, әйелдер және грек-рим күресі бойынша Ресей құрама командаларының жаттықтырушылар штабымен және Олимпиада ойындарына шақыру алған спортшылармен кеңейтілген жиналыс өткізіп, Олимпиада ойындарына қатысудан бас тарту туралы бірауыздан шешім қабылдады», - деп мәлімдеді.

Федерация тарапы Ресей құрамасының спортшылары мен жаттықтырушылары саясаткерлермен келіспейтінін айтып отыр. Сонымен қатар, бұл шектеу олардың рухын түсіре алмайды деп атаған.

Бұған дейін Ресейдің бокс құрамасы Олимпиадада бейтарап ту астында өнер көрсетуге қарсылық білдіріп, іріктеу турниріне қатыспай қалған болатын. Сондай-ақ, жақында дзюдо құрамасы балуандарының басым бөлігі ХОК шектеуіне ілінген соң өзге спортшылар да Париждегі ойындарда күресуден бас тартты.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам