Жаңа шығарылым! Қонақта Жасын Канбаев!

Париж олимпиадасының жүлделері қанша тұрады

10.07.2024, 17:24

Медальдың бәрі алтын, күміс және қоладан жасалмайтыны белгілі

Париж олимпиадасының жүлделері қанша тұрады
Marc Piasecki/Getty Images

Тағы екі аптадан соң Парижде жазғы Олимпиада ойындары басталады. Он мыңнан астам спортшы 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Медаль демекші, жүлденің бәрі алтын, күміс және қоладан жасалмайтыны белгілі. Әр ойында жүлделердің құрамы өзгеріп отырады. 

ХХ ғасырдың басында чемпиондар таза алтыннан ғана жасалған медаль тағатын. Бұл үрдіс 1912 жылға дейін жалғасты. Алтынның қазіргі құнын есептейтін болсақ, олардың әрқайсысының бағасы 30 мың долларға жуықтаушы еді. Сол үшін Халықаралық олимпиада комитеті ортақ стандарт ойлап тауып, медальдар атауына сәйкес металмен қапталатын болды. 

Осылайша, алтын медаль күмістен жасалған және сары алтынмен қапталған. Талап бойынша, алтынның құрамы алты грамнан кем болмауы керек. Екінші орын үшін берілетін жүлде таза күмістен тұрады. Ал қола медаль қоладан жасалмаған. Композицияның басым бөлігі мыстан, қалғаны мырыштан тұрады. 

Әр ойында медаль салмағы әртүрлі болады. Айталық, 2021 жылы Токиода өткен Олимпиадада алтын медаль салмағы 556 грамм болса, күміс – 550 грамм, қола 450 грамм болды. Жалпы салмақтың бес пайызы ғана мырыштан тұрды.

Ал Париждегі Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жүлделері ақпан айында белгілі болған. Олардың жалпы саны 5084.

Әрқайсысының орта тұсында алтыбұрыш бар. Бұл кәдімгі Эйфель мұнарасының бөлшегі. Дизайнымен Chaumet зергерлік ұйымы айналысқан. Металл Париждің басты мұнарасын жасау кезінде қолданылмай қалған бөліктерден алынған.

2024 жылғы ойындардың салмағы – 529 грамм. Құрамындағы Эйфель мұнарасынан алынған темір көлемі 18 грамм, алтын – 6 грамм. Оның өз құны 755 доллар.

Күміс медаль салмағы 525 грамм. Онда 18 грамм темір және 507 грамм күміс бар. Құны 371 долларға тең.

Қола медальдің 95 пайызы мыстан, қалғаны мырыштан тұрады.  Эйфель мұнарасының 18 грамм темірі де бар. Ал құны шамамен 200 доллар болады.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам