Қазақстан ұлттық құрамасы бес бақылау матчын өткізеді
Футзалдан Қазақстан құрамасы Тәжікстан, Иран және Аргентинамен ойнайды.
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында бес бақылау матчын өткізеді.
Оқу-жаттығу жиыны 5 тамыз күні Алматы қаласында басталады. Дайындық процесінің бірінші кезеңі 18 тамызға дейін жалғасады.
Артынша команда 5 қыркүйекке дейін Астанада жаттығады. Екінші ОЖЖ барысында Қазақстан құрамасы Тәжікстанмен 22 және 24 тамыз күндері «Сайран Аренада» ойнайды.
Сосын Қазақстан құрамасының Иранға қарсы екі жолдастық матчы жоспарланған. Ойындар 30 тамыз және 1 қыркүйек күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.
Жиынның қорытынды кезеңі Алматыда 6-10 қыркүйек аралығында өтеді. 7 қыркүйек күні Қазақстан құрамасы Аргентинамен кездеседі. Матч «Алматы Арена» спорт кешенінде өтеді.
Айта кетейік, футзалдан Аргентина құрамасы 2016 жылы әлем чемпионы атанған.