Ол екі дүркін әлем чемпионы Жоламан Шәршенбековпен күресті
Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен белдесуге шыққан Айдос Сұлтанғали алғашқы айналымда есе жіберді.
Ол қырғыздың танымал балуаны Жоламан Шәршенбековпен өзара сынасқан еді. Алайда белдесудің алғашқы кезеңінде Айдос 2 ұпай иеленгенімен, қырғыз тарапы шағым түсірді. Осылайша Айдостың балы алынып тасталды. Дегенмен, белдесу барысында есеп 3:2 нәтижесіне дейін жетіп, отандасымыз алға шыққан еді. Бірақ екі дүркін әлем чемпионы Жоламан Шәршенбеков тағы үш ұпай иеленіп, келесі кезеңге өтті.
Айта кететін жайт, қырғыз балуаны Токио Олимпиадасының алғашқы айналымында Мейрамбек Айнағұловты ұтқан болатын.
Әзірге Айдос Сұлтанғали есе жібергенімен, қарсыласы финалға шықса жұбаныш белдесуіне мүмкіндік бар. Дегенмен, бұл топта Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы жапон спортшысы да белдеседі.
Бұған дейін грек-рим күресінен қазақстандық Әлімхан Сыздықов алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Ол енді келесі айналымда әзірбайжан балуанымен белдеседі.