“1bol.kz” сайтын қолдағаныңыз - қазақша сапалы контентке жаныңыз ашығаны! Дауыс беріңіз

Куба аңызы Михаин Лопес бес дүркін Олимпиада чемпионы атанған соң спортпен қош айтысты (ВИДЕО)

07.08.2024, 09:52

Ол сондай-ақ, әлемнің бес бүркін чемпионы

Куба аңызы Михаин Лопес бес дүркін Олимпиада чемпионы атанған соң спортпен қош айтысты (ВИДЕО)
Sarah Stier/Getty Images

Париж Олимпиадасында Кубаның даңқы балуаны Михаин Лопес грек-рим күресінен бесінші рет чемпион атанды. Әлемдік күрес тарихында рекорд орнатқан балуан жеңісті сәтінен кейін үлкен спорттан кеткенін мәлімдеді.

Париж Олимпиадасында 4 белдесу өткізген ол барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Алғашқы айналымда Оңтүстік Корея балуанын 7:0, парсы спортшы, әлем чемпионы Амин Ризазадені 3:1, жартылай финалда Әзірбайжан өкілін 4:1 есебімен қапы қалдырды. Ал финалда өзінің отандасы, Чили атынан күресетін Ясмани Акостаны 6:0 есебімен айқын жеңді.

Төреші жеңімпазды хабарлағаннан кейін Лопес бозкілемде аяқ киімін шешіп, балуандардың спортпен қоштасарда жасайтын рәсімін орындады. Көзіне жас алған балуан жанкүйерлерімен қоштасуда қимастық сезімін байқатты. Ал оның жеке бапкері де аңыз балуанның спортпен қоштасқан сәтінде көз жасына ерік берді.

Михаин Лопес 2008, 2012, 2016, 2020 жылдары Олимпиада ойындарында топ жарған. Ол әлем біріншілігінің және Панамерика ойындарының 5 дүркін жеңімпазы. Спортшы сондай-ақ, Панамерика чемпионаттарында 9 мәрте үздік атанды. Куба алыбы Токиода 4 дүркін чемпион атанғанда Александр Карелиннің жетістігін жаңартқан еді.

Ол Токио Олимпиадасынан кейін ешқандай жарысқа қатыспастан бірден Париж додасына табан тірегенін де айта кету керек.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам