“1bol.kz” сайтын қолдағаныңыз - қазақша сапалы контентке жаныңыз ашығаны! Дауыс беріңіз

«Мақтауға тұрарлық». IBA-ның вице-президенті Қазақстанның бокс мектебіне баға берді

12.08.2024, 11:09

Ол Нұрбек Оралбай-Хижняк финалы Париж олимпиадасының сәніне айналғанын айтты

«Мақтауға тұрарлық». IBA-ның вице-президенті Қазақстанның бокс мектебіне баға берді
ҰОК

14 жыл бойы Украина бокс федерациясын басқарған және қазіргі халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) бірінші вице-президенті Владимир Продивус sports.kz-ке берген сұхбатында қазақстандық боксшылардың аяқ алысына баға берді.

Қарағанды облысының тумасы Владимир Продивус Нұрбек Оралбай-Хижняк финалынан алған әсері туралы айтып, қазақстандық әуесқой бокстың дамуына сенім білдірді.

«Финал Париж олимпиадасының сәніне айналды. Хижняк пен Оралбай арасындағы жекпе-жек бірінші секундтан соңғы секундқа дейін созылды. Дегенмен, бұл финалда Александр алтын алу үшін барын салды. Украиндық жігіт өзінің агрессивті стилі мен ерік-жігерін көрсетті, ал Оралбай техникалық тұрғыда осал болмай шықты.  Екі боксшының аянып қалмай, соңына дейін жұдырықтасқаны жекпе-жекті одан сайын қызықты етті», - дейді Владимир Продивус.

IBA бірінші вице-президенті Нұрбектің алтынға бергісіз күмісін жоғары жетістік екенін айтады.

«Нұрбек өзін өте талантты және төзімді боксшы ретінде көрсетті. Оның техникасы мен тактикалық ойлануы мақтауға тұрарлық. Ол аяғына дейін күресіп, Хижнякқа оңай жеңіске жетуге мүмкіндік бермеді. Оның финалда өнер көрсетуі Қазақстанның бокс мектебінің жоғары деңгейін көрсетті және ол өз елінің ең перспективасы зор боксшыларының бірі екені анық», - деді Владимир Продивус.

Ол Қазақстанның бокс құрамасындағы аты аңызға айналған боксшыларға тоқталды.

«Қазақстанда керемет боксшылар бар. Менің досым Серік Қонақбаев, сондай-ақ Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Василий Жиров және Данияр Елеусінов сияқты. Әрине, спортшының табандылығы мен еңбегі үлкен нәтижелерге әкелуі мүмкін. Сондықтан Нұрбек финалға шығу үшін көп күш жұмсады деп санаймын. Күміс-керемет нәтиже», - деді ол.

Сондай-ақ Нұрбек Оралбайдан бөлек жас боксшылардың келешегінен зор үміт күтетінін алға тартты.

«Нұрбектен басқа финалға жетпесе де, өз жекпе-жегінде керемет өнер көрсеткен жас боксшылардың еңбегін атап өткен жөн. Мысалы, Сәкен Бекбосынов, Айбек Оралбай және Мұхаммед Сабыр Базарбайұлы сияқты өз салмақ дәрежелерінде 5-ші орын алған. Ал Назым Қызайбай 50 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды. Олардың әрқайсысының әлеуеті бар және болашақта нағыз жұлдызға айналуы мүмкін», - деді Владимир Продивус.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам