Сонымен қатар, олардың бәріне де ақшалай сыйақы берілген
Париж Олимпиадасында жүлдегер атанған Қырғызстан спортшылары еліне оралып, әуежайдан оларды жергілікті жанкүйерлер ыстық ықыласпен күтіп алды.
Франция астанасында өткен ойындарда көрші ел құрамасынан барлығы 16 спортшы аттанып, олардың алтауы жүлдеге қол жеткізген. Тағы 4 балуан қола жүлде үшін күресіп, 5-ші орынға табан тіреді.
Атап айтқанда, әйелдер күресінен Мейірім Жұманазарова мен боксшы Мұнарбек Сейітбекұлы күміс жүлдегер атанды. Ал, грек-рим күресінен Ақжол Махмұдов, Жоламан Шәршенбеков, Үзір Жүсіпбеков және әйелдер күресінен Айсұлу Тыныбекова қола жүлдеге ие болды.
Фото: 24.kg
Айта кететін жайт, Қырғызстанның үш балуаны Парижде Олимпиада Ойындарының екі дүркін жүлдегері атанып отыр. Олар – Мейірім Жұманазарова, Ақжол Махмұдов, Айсұлу Тыныбекова.
Қырғызстан үкіметі Олимпиадада күміс жүлде алған спортшыға 10 млн сом ақша мен көлік тарту етті. Ал қола жүлдегерлерге 7 млн сом мен темір тұлпар сыйлады. Сондай-ақ, бесінші орын алған Айпері Медетқызы (әйелдер күресі), Айаал Лазарев, Бекзат Алмазұлы (еркін күрес), Амантұр Исмаилов (грек-рим күресі) 1 млн сом мен көлік иеленді. Іріктеу кезеңдерінде есе жіберген 5 спортшыға 500 мың сом мен көлік берілді.