4 балуан қарсыластарына есе жіберді
Испанияда 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатында еркін күрестен Қазақстан балуандары тек екі жүлдемен оралды.
Понтеведра қаласында күрес түрлерінен өткен жаһан біріншілігінде ұлттық құраманың 6 балуаны жүлде үшін күресуге мүмкіндік алған еді. Алайда Ризабек Айтмұқан (97 кг) мен Камил Куруглиев (92 кг) қана тәуір нәтиже көрсете алды.
Ал Мықтыбек Үкіметұлы (57 келі), Әбдінұр Нұрланбек (61 келі), Айқын Болатұлы (70 келі) және Әлихан Құсайынов (125 келі) қола медаль үшін күресте мүлт кетіп, жүлдеден тыс қалды.
Осыдан тура бір ай бұрын 17 жасқа дейінгі жастар арасында еліміздің еркін күрес құрамасы да екі жүлдемен оралған еді. Иорданияда өткен біріншіліке 110 келі салмақта бақ сынаған Едіге Қасымбек күміс жүлдеге ие болса, 65 келіде Бақдәулет Әкімжан қола медальға қол жеткізген еді.