Ол қателік жібергенін түсініп, кешірім сұраған
Астанада өткен V Дүниежүзілік Көшпенділер ойынының көкпар сайысынан кейін қазақ-қырғыз жанкүйерлері арасында үлкен дау туғаны белгілі. «Финал әділетсіз өтті» деген қырғызстандықтар әлеуметтік желіде Қазақстан көкпаршыларынан бастап бүтін бір халықты балағаттады. Солардың бірін күні кеше Қырғызстан қауіпсіздік қызметі ұстап, көпшілік алдында кешірім сұратты.
Ұсталған азамат әлеуметтік желіде Қазақстанның туын лақтырып, мемлекеттік рәмізді қорлаған. Бұл өз кезегінде мыңдаған адамның ашуын тудырды.
Екі елдің арасына от салып, арандатқан жас жігіттің ұсталғанын Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті мәлімдеген. 21 жастағы азамат видеокамера алдында екі елден де кешірім сұрап, өз қателігін мойындады.
Айта кететін жайт, қазақ пен қырғыз көкпаршыларының финалдық ойынында қосымша уақытта Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Осыдан кейін қарсылас команда наразылық білдіріп, марапаттау рәсімінде Қазақстанның әнұранын тыңдамай кетіп қалды. Артынша олар қазақ көкпаршыларын қарымта матч өткізуге шақырғанымен, біздің елдің көкпаршылары бұл ұсыныстан бас тартты.