Мәскеудің ЦСКА клубына есе жіберді
«Барыс» хоккей клубының қайта-қайта жеңіле беруі жанкүйерлердің ызасын тудырып жатқаны жасырын емес. Сол секілді «Астана» баскетбол командасы да ВТБ бірыңғай лигасында осы маусымда қатарынан төртінші рет қарсыласқа есе жіберді.
«Астана» клубы бұл жолы елордадағы «Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Мәскеудің ЦСКА ұжымын қабылдаған. Қонақтар ВТБ лигасының былтырғы маусымының чемпиондары. Қонақтар төрт кезеңде де үстемдік танытты. Сөйтіп 93:48 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Алаң иелері сапындағы ең нәтижелі ойыншы америкалық шабуылшы, Узодинма Утоми болды. Ол матч барысында 15 ұпай жинады. Рустам Мырзағалиев – 9, Джеймс Мюррэй-Бойлс – 8, Григорий Мотовилов – 7 ұпайға ие болды.
Жаңа маусымның басында «Астана» төрт кездесуде де жеңіліп қалды. Қазіргі уақытта олар ВТБ Бірыңғай лигасының турнирлік кестесінің соңғы орынында тұр. Енді «Астана» 6 қазанда өз алаңында «Автодорды» қабылдайды.
ВТБ бірыңғай лигасы. 4-тур
«Астана» (Астана) – ЦСКА (Мәскеу) – 48:93 (18:29, 12:18, 12:28, 6:16).