Әріптестері спортшыны жеңісімен шын жүректен құттықтады
Алматы қаласының халықаралық әуежайында титулды боксшы Ангелина Лукасты Орталық спорт клубының өкілдері мен ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері қарсы алды.
Әріптестері спортшыны жеңісті жекпе-жегімен шын жүректен құттықтады. Бұл атақты спортшының кәсіби мансабындағы он екінші жеңісі. Екінші жеңіл салмақтағы IBO бос белбеуі үшін күрес Таиландтың астанасында өтті.
«Мен үшін бұл маңызды жеңіс. Менің қарсыласым WBO нұсқасы бойынша төрт дүркін әлем чемпионы. Бар күшімді салдым. Бұл сайыста маған жеңсем деген өзімнің күш-жігерім мен сенімім көмектесті. Шынымды айтсам, сондай қуаныштымын», – деді Ангелина Лукас.
Айта кетейік, қазақстандық спортшының қарсыласы аргентиналық боксшы Дебора Анахи Лопес болды. Жекпе-жек он раундқа созылды. Төрешілердің шешімімен қазақстандық боксшы Ангелина Лукас жеңімпаз атанды.