Қазақстан волейбол федерациясында басшы ауысты. Бұған дейін федерацияда 26 жыл бойы президент лауазымын атқарып келген 77 жастағы Нұртай Әбіқаев ақыры орнын босатты.
Федерацияның есептік-сайлау конференциясында 2028 жылға дейін федерация тізгінін ұстайтын адам анықталды. Негізі бұл сайлауға үш үміткер қатысты:
- Амандық Баталов;
- Мәди Такиев;
- Бақытжан Байтөреев.
Сайлау нәтижесінде басым дауыспен қаржы министрі Мәди Такиев федерация президенті болып сайланды.
Мәди Такиев 1978 жылы 1 сәуірде Алматы облысында туған.
Білімі:
- 1998 ж. – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. сондай-ақ атындағы университетті бітірген.
- 2005 ж. – Д. Қонаев атындағы гуманитарлық университетті, «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген
- 2011 ж. – Халықаралық бизнес университетін, «Іскерлік әкімшілдендіру магистрі» мамандығы бойынша оқыған.
Еңбек жолы:
- 1998-2012 жж. – Алматы қаласы бойынша салық департаментінде жұмыс істеген.
- 2012-2013 жж. – Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің салық комитеті басқармасының бастығы.
- 2013-2014 ж. – Ұлттық экономика министрлігінің салық және кеден саясаты департаментінің директоры.
- 2014 ж. – Қазақстан Премьер-министрі кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас кеңесшісі.
- 2014-2017 жж. – Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.
- 2017-2019 жж. – Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің салықтық бақылау департаментінің директоры.
- 2019 жылдың 12 наурызынан – Қазақстан Республикасы ұлттық экономика вице-министрі.
- 2020-2023 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі.
- 2023 жылғы наурыздан бастап – VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.
- 2024 жылғы ақпан айынан бері – қаржы министрі.
Нұртай Әбіқаев болса Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серіктерінің бірі саналады. Ол еңбек өтілінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетін, Президент Әкімшілігін басқарды, Сенат депутаты болды.
Біздің серіктес: FONBET