Отандасымыз жартылай финалда ресейлік Садық Лалаевты жеңді
Тиранада бүгін басталған әлем чемпионатында грек-рим күресінен Қазақстан балуаны Ержет Жарылқасын финалға жолдама алды.
63 келіде күресетін отандасымыз жартылай финалда ресейлік Садық Лалаевты уақытынан бұрын ұтты. Осылайша ол финалға шығып, енді Әзірбайжан өкілі Нихад Мамадлимен өзара мықтыны анықтайды.
Ержет бүгінгі жарыстың бірінші айналымында Польша балуанымен кездесіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті (9:0). Ал ширек финалда Француз спортшысын 10:0 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықты. Финалға шығар сында ұлттық құрама мүшесі тура 1 минут белдесіп, Ресей балуанына екі мәрте 4 ұпайлық әдісті сәтті жүзеге асырды.
Бұдан бөлек, 55, 72, 82 келіде белдескен балуандар іріктеу кезеңінде сүрінді. Осылайша олардың барлығы жүлдеден тыс қалды.