Екеуі бұрын-соңды ресми жарыстарда кездеспеген
Тиранада өтіп жатқан әлем чемпионатында еркін күрес бойынша жеребе қайта тартылды.
Аталған біріншілікте 92 келіде белдескелі отырған Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаев (Ресей) пен Токио Олимпиадасының чемпионы Дэвид Тейлор (АҚШ) алғашқы айналымда белдесетін болды.
Бұл Албаниядағы жарыстың таңқаларлық жаналығына баланып отыр. Жанкүйерлер аталған қос спортшының финалда кездесетінін болжағанымен, алғашқы тартылған жеребеді жартылай финалда күресуі мүмкін болған еді. Алайда, техникалық қателікке байланысты жеребе қайта қаралды.
Осылайша еркін күрестен әлемнің үздің балуандары өзара мықтыны бірінші айналымда анықтағалы отыр.
Абдулрашид Садулаев Рио (86 кг) және Токио (97 кг) Олимпиадасында чемпион атанған. Сонымен қатар, ол әлем чемпионаттарында 5 рет жеңімпаз болып, бір рет күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ал, америкалық Дэвид Тейлор 86 келіде өнер көрсетіп, Токиода топ жарған. Сонымен қатар, АҚШ спортшысы әлемнің үш дүркін чемпионы, бір мәрте күміс және қола жүлдегері.
Қос балуан да биыл Париж Олимпиадасынан тыс қалды. Ендігі кезекте олар олимпиадалық емес салмаққа ауысып, әлем чемпионатында сынға түсуге бекініп отыр.
Бірнеше жыл бұрын Тейлор Садулаевты күресуге шақырып, үндеу жариялаған еді. Садулаев бұл ұсынысқа дайын екенін атап, ол үшін 97 келіге ауысуға кеңес берген.
Бұл салмақта күресетін Қазақстан балуаны Нұрдәулет Бекенов басқа топта күресетіндіктен, аталған балуандардың бірімен тек финалға шыққан жағдайда ғана кездеседі.