Семейлік балуан осымен "Қазақстан барысының" үшінші рет финалына шықты
«Қазақстан барысы-2024» турнирінің жеңімпазы атанған Ерасыл Қажыбаевқа демеушілер жол талғамайтын көлік мінгізді.
Белгнілі балуанға айтулы жеңісі үшін су жаңа «Tank» көлігін меценат, «TasGroup» компаниялар тобының негізін қалаушы Дулат Тастекей мен кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Қайырлы Қасенов сыйлап отыр.
«Бұл сый-құрмет – батырлық пен табандылықтың лайықты бағасы. Өзінің қайсарлығымен елдің сүйіспеншілігіне бөленген Ерасыл Қажыбай ұлттық спорттың дамуына үлес қосып, жастарға үлгі болуда», - деді көлікті тапсырған семейлік ақын Мерей Қарт.
«Қазақстан барысы» атанғаннан кейін екінші көлігін мінген Ерасыл Қажыбай осындай құрметке ризашылығын білдіріп, өз жеңісін қазақ халқының рухын асқақтатуға арнайтынын жеткізді.
Жақында Астанада өткен республикалық турнирде Ерасыл Қажыбаев финалға шығып, шешуші белдесуде шымкенттік Ерсұлтан Мұзафаровтан басым түскен еді. Осыдан кейін оған Абай облысының әкімі үш бөлмелі пәтер сыйласа, демеушілер атынан көлік тарту етілетіні айтылды.
Семейлік балуан осымен «Қазақстан барысының» үшінші рет финалына шықты. Ол 2018 жылы Ержан Шынкеевке есе жіберсе, 2019 жылы өзінің жерлесі Айбек Нұғымаровға жол берді.